Қамқоршы болғыңыз келсе…

29 қазан – Қамқоршы күні. Елімізде бұл даталы күн 2010 жылдан бастап аталып өтіледі. Құзырлы мекемелер мен жомарт жандар бұл күнге бірнеше ай бұрын дайындалады. Бірі – балалар мен олардың заңды өкілдерінің тізімін жасақтап, түгендесе, енді бірі – сый-сияпаттарын үлестіреді. Шама-шарқы келгенше киіндіруге, қажетті керек-жарағын әперуге тырысады. ҚР білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін республикалық шараның мақсаты сыйлық тарату емес. Басты мақсат — жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды өз қолқанатының астына алған жандарды қолдау, олардың санын арттыру және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала мәселесіне қоғам назарын аудару.

Қамқоршы болғыңыз келсе...Бала қамқорлыққа зәру

Шымкент қалалық білім бөлімінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 788 бала тіркелген. Олардың 748-і қамқорлыққа алынса, қалғандары патронаттық тәрбиеде. Шымкент қалалық білім бөлімі арнайы қосымша және мектепке дейінгі білім беру, қамқорлық пен қорғаншылық жұмысын дамыту секторының меңгерушісі Күлзина Уәлиханованың (суретте) айтуынша, ата-анасыз қалған жетім балалар қамқорлыққа зәру. Дәл осы себептен ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі мен «ҚР баланың құқықтары туралы» Заңы негізінде жан жылуынан айырылған жарым көңіл бала қамқоршылыққа, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге беріледі.

Қамқоршы деген кім?

Қамқоршы — жасы мен денсаулығына байланысты өздігінен өмір сүре алмайтын, өзінің құқықтарын қорғай немесе мүлікке басшылық жасай алмайтындарға көмектесетін жан. Яғни, бала кәмелет жасына толғанша оның орнына шешім қабылдап, мүлкін басқарады. Бірақ қамқоршылар, қорғаншылар, патронаттық тәрбиешілер қамқорлығындағы баланың мүлкін, оларға төленетін алименттерді, зейнетақыны, жәрдемақы мен өзге де әлеуметтік төлемдерді иемдене алады деген сөз емес. Қаражат балаларды тәрбиелеуге және асырауға ғана жұмсалуы тиіс. Қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде тиісті мекемеге ай сайын есеп тапсырады. Бірақ, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №383 қаулысына сәйкес, қорғаншылар немесе қамқоршылар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-баққаны үшін арнайы жәрдемақы алады.

Айтпақшы…

Заңға сәйкес, ҚР-ның 18 жасқа толған азаматы баланы қамқорлыққа алуына болады. Маман көп жағдайда балаларды қамқоршылыққа туыстары, яғни, ата-әжелері, көкелері, кәмілет жасына толған аға-әпкелері алатынын айтады. Өтініш білдіретіндердің қатарында бөтен адамдар да кездеседі.

Халима Рахматуллаева, зейнеткер:

– Келінім Наташа төртінші сәбиіне аяғы ауыр кезінде қан қысымы күрт төмендеп, көз жұмды. Соңында күйеуі мен үш баласы қалды. Ол кезде балаларының алды 5 жаста болса, кенжесі 2,5 жаста еді. Шиеттей бала-шағаны асырау оңай емес. Сондықтан да, ұлым барлық қайғысын ұмытып, күндіз-түні жұмыс істеді. Балаларға бас-көз болатын адам жоқтығынан, пәтерін сатып, барлығы біздің қолымызға көшіп келді. Ол кезде қолымызда кенже ұлымыз Рустам мен келінім, екеуінен туған немерем Зарина тұратын. Үйіміз тар болса да, балаларымыз жанымызда, немерелеріміз көз алдымызда болған соң шалым екеуміздің көңіліміз тоқ еді. Сөйтіп, 2011 жылы кенже ұлым Рустам кісі қолынан қаза тапты. Інісінің қазасы Сұлтанға да қатты әсер етті ме, әйтеуір араға бір жыл салып, 2012 жылы аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, бақилық болды. Қатты қиналдық. Бірақ, ұнжырғамызды түсірмедік. Шымкент қалалық білім бөліміне барып, балаларды қамқоршылыққа алу туралы өтініш жаздық. Шүкір, ондағылар біздің қайғымызды түсініп, қағазбастылыққа салмады. Міне,содан бері 3,5 жыл өтіпті. Балалар ай сайын мемлекет бюджеті есебінен жәрдемақы алып тұрады. Мектеп тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Барлық іс-шараларда, мерекелерде назардан тыс қалдырмайды. Балалардың ақшасын өздеріне жаратамыз. Бар керек-жарағын сатып әпереміз. Ертең балалар 18-ге толған кезде оқытып-шоқыту керек. Сондықтан да, жұбайым екеуміз зейнетақымызды соларға арнаймыз.

Ескерту:

– сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе әрекеті шектелген адамдар;
– ата-ана құқығы сотпен шектелген немесе ата-ана құқығынан сотпен айырылған адамдар;
– оған ҚР заңымен жүктелген міндеттерді тиісті емес орындағаны үшін немесе қамқоршының міндеттерінен шеттетілгендер;
– егер асырап алу сотпен жойылса, бұрынғы асырап алушылар;
– денсаулық жағдайы бойынша қамқоршы немесе қорғаншының міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдар қамқоршы, не қорғаншы бола алмайды.
Қамқорлықты белгілеу үшін…
Қамқорлық және қорған-шылықты белгілеу үшін:
– аудандық, қалалық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары басшыларының атына қамқоршы/қорғаншы болу тілегі туралы өтініш;
– қамқоршы/қорғаншы болатын адам некеде тұрса жұбайының нотариалды расталған келісімі;
– қамқоршы/қорғаншы болуға тілек білдірген адамның, некеде тұрса жұбайының жеке куәлігінің түпнұсқасы және көшірмесі;
– қамқоршы/қорғаншы болуға тілек білдірген адам және егер қамқоршы/қорғаншы болуға тілек білдірген адам некеде тұрса жұбайының денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды; — неке қию тура куәлік немесе егер қамқоршы/қорғаншы некеде тұрмаса нотариалдық расталған анықтама;
– жақындарының немесе достарының ұсыныс хаты;
– еңбекақы туралы анықтама немесе өзге де табыстар туралы анықтама;
– тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасы;
– қорғаншы/қамқоршы болуға тілек білдірген адамның және оның жұбайының сотталмағандығы туралы анықтама қажет.

Сонымен қатар:
– Мектеп әкімшілігімен расталған баланың келісімі (егер бала 10 жас-тан үлкен болса).
– Баланың туу туралы куәлігі.
– Баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама және баланың даму тарихынан көшірме.
– Ата-анасы туралы құжаттар (қайтыс болғаны немесе іздеу туралы куәліктің көшірмесі, бала некеден тыс туған жағдайда № 4 нысан бойынша анықтама және баланың ата-анасынан айырылғанын растайтын басқа да құжаттар).
– Баланың оқу орнынан анықтама.
– Зейнетақы алатын балалардың зейнет кітапшасы, алиментті өндіру туралы сот шешімінің көшірмесі.
– Ағалары және әпкелері туралы мәліметтер және олардың тұратын жері.
– Балада жылжымайтын мүліктің бар, не жоқтығы туралы құжаттарды да ұмыт қалдырмаған жөн.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *