Қаланың қысқа дайындығы қалай?

Әне-міне дегенше күздің алғашқы айы да бел ортасына келді. Қазан айында жоспар бойынша қаладағы барлық үйлер жылыту маусымына сақадай сай дайын болуы тиіс.

Шаһарды жылумен қамтамасыз ететін екі орталық та қазір құбырларын ауыстырып, дайындығын пысықтауда. Ал төрт ауданның коммуналдық шаруашылық жөніндегі мамандары көпқабатты тұрғын үйлерде сығымдау жұмыстарының жүргізілуін бақылауға алып, туындаған мәселелерді шешуге қолғабыс етуде. Бүгінде қала тұрғындарының бірқатары дербес жылыту қондырғысын орнатып алуына байланысты тұтынушылар саны 70 мыңнан 63 мыңға дейін азайған. Ал қалада биыл 1922 көпқабатты үй жылу қабылдайды. Олардың 80%-ында дайындық жұмыстары толығымен жүргізілген.

Қаланың қысқа дайындығы қалай?

Абай ауданында…

Абай ауданында 424 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 250-ін «ҚуатЖылуОрталық» жылумен қамтиды. Қалған 174 үйге «3-ЭнергоОрталық» жауапты. Аудан тұрғындарының өткен жылғы жылуға қарызы 21 миллион теңгеге жетіпті. Бүгінде аудан әкімдігі мен ЖЭО бақылаушыларының бірігіп жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қарыздың 3,5 миллион теңгесі кері қайтарылған. Сонымен, ауданның қысқа дайындық жұмыстары туралы бізге аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш әңгімелеп берді.

– Бізде арнайы қаланың қысқа дайындығы жөнінде штаб бар. Әр бейсенбі сайын барлық атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындарға мәлімдеп отырамыз. Штабтың тапсырмасы бойынша арнайы кесте бекітілген. Қазір көпқабатты тұрғын үйлерде сығымдаумен қатар жертөлелерде дезинфекциялау жұмыстарын қатар жүргізіп жатырмыз. Ол тұрғындардың өздерінің өтініші бойынша жасалды. Кесте бойынша 1 қазанға дейін 424 үйдің сығымдау жұмыстарын толықтай аяқтауымыз қажет. Бүгінгі таңда 390 үй жылу қабылдауға дайын.

Абай ауданында жүзден аса үйді қысқы мерзімге «ҚуатЖылу Орталық-3» мекемесінің өздері дайындайды. Ал қалған үйлердің жылу жүйелерін дайындауға бұрыннан қалған қызмет көрсету учаскелері көмек көрсетеді. Аталмыш орталық қызметкерлері болса қысқы маусымға әзір отырғандығын жеткізді.

Тағы бір айта кететін жайт, осы ауданға қарасты 1934 жылы салынған Гагарин көшесіндегі екі қабатты №96 үйге жаңадан бағаналар орнатылып, жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Бұған тұрғындар биыл қыстан тоңбай шығатынына, оған мемлекеттен арнайы қаржы бөлгеніне ризашылықтарын білдіруде. Қысқасы, Абай ауданының аппараты халықты қыстан тоңдырмай алып шығамыз дейді.

Қаланың қысқа дайындығы қалай?

 

Еңбекші ауданында…

Еңбекші ауданында 525 көпқабатты үйдің 80 пайызы жылу қабылдауға дайын. Қазіргі таңда «Шығыс» мөлтекауданын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «3-ЭнергоОрталық» Т.Рысқұлов көшесінде жарты шақырым жылу құбырын жаңалауда. Бұл мақсатта 72 млн теңге бөлініп, жылу жүйесін толығымен алмастыру жспарланған. Ал Сухэ-Батор көшесіндегі жылу жүйелерін алмастыруға 68 млн теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ биылғы жылға 15,6 шақырымдағы құбырларды арнайы материалдармен қаптау жұмыстарына 78 миллион теңге қарастырылған.

Жалпы, жылу беру маусымына дайындық барысы облыс, қала әкімдіктері жанындағы штабтарда пысықталуда. Өзекті деген үй, қазандық және жылу жүйесіндегі күрделі мәселелерді жою үшін сала мамандары жұмылдырылған. Алда әлі жүйені қысым беріп тексеру күтіп тұр. Бір қызығы, жылу беру маусымына санаулы күндер қалса да көшелер қазылып әдеттегідей магистральді құбырлар жаңаланып жатыр. Тұрғындар бұл құрылыс жұмыстарына жылу маусымын кешеуілдете ме деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *