Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ, кәсіпкер: «Билікке келу ойымда жоқ…»

Арамызда тек іскерлігімен ғана емес, адамгершілігімен, қайырымды мінезімен елге танылған азаматтар бар. Солардың бірі – Қайрат Молдасейітов.

Бүгінгі кейіпкеріміз бизнестегі басшылық жолын 1992 жылы «Күнгей» ЖШС-і директоры қызметінен бастаған. 1995-2000 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы «Трансмарс» компаниясы басшысының орынбасары болды. 2002-2004 жылдары қаламыздағы «КИТ Со» ЖШС-та директордың орынбасары,  2004-2009 жылдары осы «КИТ Со»  мен «Отау құрылыс» компа- нияларына басшылық етті. 2009 жылы кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке ауысып, Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалады. Рухани астананың тізгінін 3 жыл ұстаған Қайрат Құсейінұлы 2012 жылдың көктемінде Шымкент қаласының басшылығын қолына алды. Алайда, облыс орталығын 1 жыл басқарып, соңынан аяқ асты өз еркімен әкімдік қызметтен кетті.

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ, кәсіпкер

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ,
кәсіпкер

Міне, содан бері екі жыл өте шықты. Қайрат Молдасейітов саяси сахнада бой көрсетпеді. Кезінде жәрдемге мұқтаж талай жанға көмек қолын созған ардақты азаматтың қайда жүргені көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында аты сирек аталатын қайырымды кәсіпкер Қайрат Құсейінұлын әңгімеге тартқан едік.

– Қайрат Құсейінұлы, мемлекеттік қызметтен кеткеніңізге де екі жылдан асты. Қазір қайда жүрсіз?

– Билікке келмей тұрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын едім. Бүгінде сол кәсібімді қайта қолға алып, «Отау құрылыс» компания-сын басқарудамын. Біздің негізгі бағытымыз — құрылыс саласында. Яғни, ғимараттар салып, құрылыс материалдарын шығарамыз. Бірнеше кішігірім зауыттарым да бар. Мәселен, Австриялық технологиямен есік-терезе профилин жасайтын, асфальтбетон шығаратын және Германиялық технологиямен полиэтилинді құбырлар өндіретін зауыттарымыз бар. Сондай-ақ, газ блоктарын шығаратын, металлконструкциялар жасайтын және бетонның барлық түрлерін өндіретін зауыттарымыз жұмыс істейді. Сонымен қатар, Түлкібас ауданында 100 гектардан астам жерге алма өсіріп жатқан жайымыз бар.

– Үш жылдай Түркістан қаласының әкімі болдыңыз. Сол уақытта біраз тірліктер атқардым деп айта аласыз ба?

– Түркістан — киелі қала, рухани астанамыз ғой. Елбасымыздың, тіпті күллі түркі халықтарының назарында тұрған қала. Сол себепті ыждаhатпен жұмыс істеуді талап етеді. Осы жауапкершілікті сезініп, Түркістанды рухани орталыққа айналдыру үшін қолымыздан келгенше жұмыс істедік. Атап айтсақ, қаланың бас жоспарын Үкіметте қайта бекіттік. Осы орайда «Жеңіс» саябағын қалпына келтіріп, тозығы жеткен аквапаркті жөндедік. Жиырма жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан 70-тен астам 5 қабатты үйлердің жылу жүйесі жөндеуден өткізіліп, жаңа қазандық салынды. Тоқаш Бокин көшесіндегі 1960 жылдары салынған үйлердің су кәріздерінің мәселесін шешіп, қала орталығында балаларға арнап бассейн салу жобасын бастадым. Одан бөлек ауыз су мәселелері шешімін таба бастады. Кентаудан су тарту жобасын енгіздік. Қала орталығындағы 5 қабатты тұрғын үйдің жарты бөлігі 1993 жылы  құлап қалған екен. Сол үй мен басшылыққа келгенге дейін жөнделмепті. Бір жартысында тұрғындар тұрып жатса, ал енді екінші жартысы құлап жатыр. Сол ғимаратты қалпына келтірдік. Мұнымен қатар, бір ауысымда 200 науқасты қабылдауға мүмкіндігі бар туберкулезге қарсы диспансерді пайдалануға беріп, 2010 жылы Тәуелсіздік қарсаңында тарихи-этнографиялық орталықтың тұсауын кестік. Білім саласында да көптеген мәселелер бар еді. Тозығы жеткен, үш ауысымда оқитын мектептер бар болатын. Олардың да  мәселесін шештік.

Жасындай жалт етіп, тірілер арасын тастап кете барған бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа ескерткіш орнаттық. Сондай-ақ, атақты бокс-шы Әбдiсалан Нұрмахановтың 75 жылдығы және белгілі волейболшы Октябрь Жарылқаповтың 80 жылдық мерейтойларына орай оларға да ескерткіш орнатылды. Октябрь Жарылқапов атындағы орталық стадион жөндеуден өтіп, Балуан Шолақ алаңындағы жабық спорт кешеніне құрылыс жұмыстары жүргізілгенін айта кеткім келеді. Қысқасы, Түркістанның кем-кетігін орнына келтіріп, жыртығын жамадым десем де болады. Мен басшылыққа келгенде бюджет көлемі 8,5 миллиард теңге болса, мен кететін мезгілде 28 миллиард теңгеге жетті.

– Шырайлы Шымқаланың әкімі лауазымын бір жылдай атқардыңыз. Осынау аз уақыт ішінде алға қойған жоспарларыңыз орындалды ма? «Мына істі соңына дейін жеткізе алмадым-ау» деген өкініш болған жоқ па?

– Рас, бір жыл деген өте аз уақыт. Дегенмен, бір жыл ішінде біршама жұмыстар атқардық. Алдымен, қаланың бас жобасын бекітіп, Әкімшілік іскерлік орталықты салуды бастадық. Қаратау әкімдігін күн тәртібіне енгіздік. Қаладағы су кәріздері мен ауыз су мәселелеріне көңіл бөлінді. Сосын қаладағы мектептер мәселесі де шешіле бастады. Мәселен, «Құрсай» шағынауданындағы бір кісінің ауласында оқып жүрген балалар үшін мектеп (№49) салдық. «Қайтпас-1» шағынауданындағы №58-ші мектепті жөндейміз деп, жауып тастапты. Бірақ бір жыл өтсе де, мектеп құрылысын бастамаған. Балаларын ары-бері тасып, әбден шаршаған ата-аналар мұңын шағып жүрген еді. Сол мектептің жөндеу құрылысын бастадық. Одан бөлек Ұ.Арғынбеков көшесін аяғына дейін апарып, Темірлан тас жолына қосу ойымда бар еді. Осыны өзекті мәселенің бірі деп, Асқар Исабекұлына барғанмын. Ол кісі қолдап, «тез арада жобасын жаса»  деген болатын. Алайда, басшылықтан кетуіме байланысты, ойлаған ісім жарты жолда бітпей қалды. Айтайын дегенім, сол Ұ.Арғынбеков көшесінің жұмысы 2007 жылы басталған. Арадан міне 8 жыл өтті. Бірақ, ол әлі Темірлан тас жолымен қосылған жоқ. Қазіргі әкім осы жұмысты қолға алса екен деймін.

Сонымен қатар, бір жылдың ішінде «Орталық саябақты» ретке келтірдік.  Осы ретте айта кетейін, жалпы саябақты қоршаудың не керегі бар? Жан-жағы ашық, төрт шетінде де көлікті қоятын жер болу керек. Бұл ойымды «Абай» паркінде іске асырмақшы болдым. Саябақтың жан-жағын ашумен қатар, заңсыз орналасқан ғимараттарды көшіріп, заңдыларын қалдырайын деген едім. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, бұл жоспарым да жүзеге аспай қалды. Мүмкін, алдағы күндерде осы шаруа қолға алынар.

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ, кәсіпкер

 

– Ойға алып, бірақ аяқтап үлгермеген мұндай шаруаларыңыз бола тұра әкімдік қызметтен кетуіңізге не түрткі болды?

– Маған Түркістанның климаты жақпады. Сол жақтан ауырып келдім. Бұл жақтағы әкімдік қызметтен денсаулығына байланысты кеттім.

– Билікке қайта келу ойыңызда бар ма?

– Негізі билікке келу ойымда жоқ. Егер жоғары жақтан ұсыныстар түсіп жатса, ойланып көремін.

– Сіздің болмысыңызға мемлекеттік қызмет пе, әлде кәсіпкерлік жақын ба?

– Билікке келіп, көп нәрсе үйрендім. Халықпен етене араласып, хал-жағдайымен танысып, мұң-мұқтажын біле бастадым. Бұл жайттардың көбісін билікке келмей тұрып, байқамайды екенсің. Яғни, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жоғары. Мәселен, қазір менің компаниямда 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Ал әкім кезіңде ше? Бүкіл ел саған көз тігіп, үміт артады. Әрине, кәсіпкерліктің де қиындықтары бар. Бірақ, ауыртпалығы ел басқарып отырғандай емес. Осы ретте бір нәрсе айта кетейін, талай жыл кәсіпкерлікпен айналысқаным билікке келгенімде көп көмегі тиді.

– «Тұлпар» шағынауданының қасынан қарқынды түрде 5 қабатты үйлер салынып жатыр. Естуімізше, осы үйлер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіріледі екен. Бұл сөз қаншалықты рас? Ол пәтерлердің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтереді ме?

– Иә, 5 қабатты 14 үй, 400 пәтердің кезекте тұрған отбасыларға салынып жатқаны рас. Құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында аяқталады. Негізі біздің міндет — ғимаратты тұрғызып беру. Үлестіру жағын әкімдік шешеді. Ал баға жағына келсек, қазіргі нарықпен 163 мың теңге болады. Ары қарай үй иесі жалға алу ақысын төлейді. Оның ай сайын қанша төлейтінін біз білмейміз. Ол жағы бізге қатысты емес.

– Сіз басқаратын компания қаламыздағы ең биік ғимараттардың құрылысын жүргізеді. Сол ғимараттардағы пәтерлердің бағасы қарапайым халықтың бәріне қолжетімді емес екені белгілі. Айтыңызшы, осы көпқабатты пәтерлерді жергілікті тұрғындар алып жатыр ма? Әлде басқа өңірлерден келіп, алып жатқандар бар ма?

– Сөзіңіздің жаны бар. Шымкенттің азаматтары  Қазақстан бойынша таралған ғой. Сол себепті жергілікті тұрғындардан бөлек, өзге өңірде жүрген осы облыстың азаматтары сатып алып жатады. Тіпті, олардың қатарында шетелде жүргендері де кездеседі. Бірақ, басым бөлігін жергілікті тұрғындар сатып алуда.

– Туған өлкеңізге деген қамқорлығыңыз ерекше екенін білеміз. Өз ауылыңызға 110 орындық балабақша мен үлкен мешіт салып бердіңіз. Бұдан бөлек мәдениет үйі мен аурухананы жөндеттіңіз. Біз білмейтін тағы қандай игі істеріңіз бар?

– Туып-өскен жерім Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты, Қаракемер ауылы. Ауылым шалғайда жатыр. Адам баласының туған жеріне деген ішкі сезімі ерекше болады ғой. Осындай ыстық ықыластың арқасында балабақша салып, мәдениет үйі мен аурухананы жөндеткенім рас. Ал мешітті Жаратушымыздың алдындағы бір парызым деген ниетпен салдым. Бұдан  бөлек өткен жылы  бокс, күрес, футбол және би секциялары бар зәулім спорт кешенінің құрылысын бастадым. Жыл аяғында не болмаса келер жылдың көктемінде бітіреміз деп отырмыз. Дәл қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс жұмысынан бөлек, бапкерлер іздеп, олардың жағдайын жан-жақты қамтамасыз ету жағын қарастырып жүрген жайым бар.

Түркістан қаласына басшылық еткен тұста 100 баланы қабылдайтын «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мен мүгедектерге арналған 16 пәтерлі тұрғын үй салып бердім. Одан бөлек, «Нұрсәт» шағынауданынан ғасыр індетін жұқтырған балаларға арнап «Ақпараттық оңалту орталығын» салдым. Осындай игі істердің қасында жүру маған әдетке айналды. Мұны өзімнің адамдық парызым деп білемін. Сондықтан осындай жұмыстардың легі алдағы күндерде де жалғаса береді деген сенімдемін.

– Кез-келген жетістікке тек өзіңіз жеттіңіз бе? Әлде, қолдау көрсететін жақын адамдарыңыз бар ма? Туыстарыңыз дегендей …

– Отбасымызда 10 ағайындымыз. Оның 5-еуі менімен бірге жұмыс істейді. Одан бөлек сыныптастарым, жаныма жақын тартатын інілерім бар. Әрқайсысы әр жобаны басқарып отыр.

– Бүгінгі нарық жағдайы жайлы не айтасыз?

– Доллардың еркін айналымға кеткені қиын болып тұр. Бір күні түссе, ертеңіне көтеріліп кетеді. Екі ортада қарапайым халық қиналып жатыр. Ал банк пен ақша айырбастау пункттері осыдан пайда тауып отыр. Үкімет долларды көтеретін жеріне дейін көтеріп, тұрақты бір бағаға қойса екен. Соған қарай жұмыс істеп, көрпемізге қарай көсілетін едік…

– Отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз…

– Алла берген 4 қыз, 1 ұлым бар. Тұңғыш қызым Лондондағы мектепте заңгер және қаржы бағытында оқиды. Ал ұлым 7 жаста. Құдай қаласа, тағы бір перзентіміздің жарық дүние есігін ашуын күтіп жүрміз. Ұл-қыздарымның тәрбиесімен қолымнан келгенше айналысуға тырысамын. Бойларынан жақсы қасиеттерді көргім келеді. Кітап оқуға, спортпен айналысуға үгіттеймін. Бірақ, шыны керек, оларға көп көңіл бөлемін деп айта алмаймын. Сол себепті қадағалаудың басым бөлігі жұбайыма жүктелген. Ол басқа жұмыстарға алаңдамай, перзенттеріміздің тәрбиесімен тиянақты айналысады. Себебі, өмірде әкім бол, мейлі басқа бол, кім болсаң да балаларың тәрбиесіз болып жатса, бәрі бекер ғой.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *