Қаңлы жазуы мен Құдайының бейнесі қойылған көрме

img_8030-1544-x-1028«Ұлы дала елі — өркениеттер тоғысында». Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық инситутының фойе залында осындай атаумен көрме орталығы ашылды. Оңтүстіктің тарихы тереңнен бас-талады. Табиғаты өмір сүруге қолайлы, жері шұрайлы өңірде сонау тас дәуірінен бері қайнаған тіршілік басталған. Мұны осы көрме орталығына қойылған түрлі бұйымдар дәлелдейді. Оңтүстіктің тас дәуірінен орта ғасырларға дейінгі заттай тарихын айғақтайтын бұл жәдігерлерді түрлі қазба жұмыстары кезінде Александр Николаевич Подушкин жетекшілік ететін Археологиялық жасақ тапқан.

Оның айтуынша, көрме орталығын құрудағы мақсат, біріншіден табылған жәдігерлерді қала жұртшылығына және студенттер аудиториясына көрсету. Екіншіден, институтта археологияны, тарихты оқытатын мамандықтар бар. Міне сол мамандықтар үшін бұл жәдігерлер аса құнды оқыту құралдары болып табылады. Үшіншіден тарихи-мәдени мұраны таныту.

Көрме орталығына 1000-нан

аса тарихи жәдігерлер қойылған

12 шыны жәшікке дәуір-дәуірімен тізілген жәдігерлерден құралған көрме еуропалық стандартта жасақталған. Яғни, жарықтандырылуы жақсы, әрбір жәдігер шыны үстіне қойылғандықтан ауада ілініп тұрғандай әсер қалдырып, бір-бірінен даралады. Хронологиялық рет б.з.д. 100-10 мыңжылдықтан, атап айтқанда Тас дәуірінің орта палеолит кезеңінен басталып біздің заманымыздың XII ғасырындағы Қарахан мемлекетіне дейін жалғасады.

img_8067-1544-x-1028

Сармат әйелінің алқасы табылды

Көрме орталығындағы аса бағалы, бірегей жәдігерлердің бірі — сармат әйелінің алқасы. Ордабасы ауданы аумағындағы Қызылжар қорымын қазу кезінде бірнеше азиялық сармат адамының сүйегі және олардың қолданған тұрмыстық бұйымдары, әшекей заттары мен қарулары табылған. Тамаша керамикалық бұйымдар, жорық құтысы, бөлмеге хош иісті түтін шығаратын аспап, ыдыстар, құмыра, қыш құмыра табылып, қорымға жерленген әйел адамның мойнында еш бүлінбей бүгінге жеткен алқа, бойтұмары да болыпты.

ovneseniiizmeneni

Сармат әйелінің алқасы

Алқаға мысыр фаянсынан, теріс күштерден қорғайтын інжір ағашынан жасалынған тамшыға ұқсас, көзге ұқсас, саусаққа ұқсас салпыншақтар пайдаланылған. Бұған қоса қорымнан сарматтардың қанжары мен айылбасы секілді заттар шыққан. Б.з.д. 1 ғасыр мен б.з. II ғасырына жататын қорымдағы қазба жұмыстары осыдан 25-28 жыл бұрын басталып, әлі күнге жалғасып жатыр.

 

Құдай бейнесі салынған құмыра

Бірегей жәдігерлердің қатарында Үшбастөбе қалашығынан табылған Фаренхварена құдайының бейнесі бар. Биіктігі 40 см-ге жететін құмыраның оң жақ бүйіріне сызылған құдай суреті 21х14 см көлемді алады. Қаңлы мемлекетінің заманына тиесілі бейне амандық-саулықты, байлықты, ырыс-береке және теріс күштерден қорғануды бейнелейді.

img_8031-1544-x-1028

Құдай бейнесі салынған құмыра

Мұнда Құдай ұшып барады. Қанаты бар. Жаһандық культ. Үнді-иран халықтарында б.з.д I – б.з. I ғасырларында болған. Басы тауықтың басына ұқсайды. Денесі халат кейпінде. Өте қызықты пішімге ие.

Александр Николаевичтың айтуынша, бұл Орталық Азия аумағында осындай техникамен бейнеленіп, табылып отырған жалғыз жәдігер. Басқа баламасы жоқ. Сондықтан да құмыраны ҚР Орталық мемлекеттік музейіне өткізген.

 

Қаңлы жазуында номадтар туралы айтылады

Қаңлылардың бізге жеткен тағы бір мәдениеті қаңлы жазуы болып отыр. Күлтөбе қалашығынан табылған жазу керамикалық кірпіштерге қашалып түсірілген. Тек бізден ғана табылды. Қазіргі таңда осы жазудың 16 фрагменті бар. Керамикалық кірпіште жазылған. Жазуды Кембридж университетінің оқытушысы, белгілі лингвист Никонс Симбиримс оқыды. Әліпбиі, кіші әріп түрінде жазылғаны, сызбалардың элементтері бар екені анықталды. Көне үнді-иран тілінің диалектісінде жазылған.

img_8027-1544-x-1028

Қаңлы жазуы

— Мен мұны қаңлы тілі деп атаймын. Біздің заманымызға дейінгі I ғасырларға дейін болған. Мұнда қаланың негізі қалануы, номадтардың сол қаланы құруға атсалысуы, сол кездегі ірі билеушілер мен қалалар туралы айтылады. Шам, Керч, қазіргі Бұқара қалалары туралы деректер бар. Әскери лауазым шендері, әке, бала деген туыстық қатынасты білдіретін сөздер, қазына туралы жазылыпты. Тағы бір маңызды жаңалық, төртінші нөмірлі фрагменттегі жазуда алғаш рет «номад» сөзін оқып, тіркедік. Бұл жазуда номад, яғни көшпенділер «шатыр адамдары» деп көрсетіледі.. Бұл номадтардың, яғни көшпенділердің «шатыр адамдары» деп б.з. I ғасырына дейін алғаш рет айтыла бастағанын білдіреді. Бұл түсініктеме өте дәл айтылған. Өйткені, көшпенділер киіз үйлерде тұрған. Өздеріне тиесілі жері де болған. Көшпенділердің қала құрылуына атсалыса бастауы жазылған. Ғылымда көшпенділерді қиратушы деп қабылдап келсе, мына жазуларда олардың жасаушы, құрушы болғанын таңбаланған. Олардың жабайы болмағанын дәлелдейді,- дейді ОҚМПИ-дағы Археологиялық жасақтың жетекшісі, т.ғ.д.,профессор Александр
Подушкин.

Ордабасы ауданы аумағындағы Ақбұлақтөбе қалашығынан Қарахан мемлекеті заманында өмір сүрген халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін тұрақ табылыпты. Ошақ орны мен тұрмыстық заттардың үлкен қоры шыққан. Таңбаланған керамикалық ыдыстар да бар. Қарахан глазурлері аса сапалы саналады. Кейінгі кезеңде сапасын жоғалтқан. Салпыншақтар мен сырғалар да табылған. Ал, тиындар мыстан жасалған.

img_8040-1544-x-1028

Көрме орталығында соңғы 50 жыл бойына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылған. Мұндағы жәдігерлер музей мәртебесіне ие. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына тиесілі.

img_8013-1544-x-1028Александр Подушкин, ОҚМПИ-дағы Археологиялық жасақтың жетекшісі, т.ғ.д.,профессор:
— Біздер осы экспозицияларға жылда өзгеріс енгізе аламыз. Осы үшін де кей орындарын бос қалдырдық. Себебі, жәдігерлер қатары жаңарып, толығып отырады. Бұл үнемі жұмыс істеп тұратын көрме орталығы. Қазба жұмыстарын алдын Шымкент педагогикалық институтының Археологиялық жасағы жүргізсе, кейін ОҚМПИ-дің Археологиялық жасағы жалғастырды. Біздің археологиялық жасақ — Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында ертеден келе жатқан Археологиялық жасаққа жатамыз. 1964 жылы құрылды. Осы уақыт бойына студенттермен бірлесіп, еш үзіліссіз қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Археологиялық жасақтың негізін Николай Павлович Подушкин қалады. Мен оның бастамасын 1979 жылдан бастап қабылдап, жалғастырып келемін.

Жәнібек НҰРЫШ

фотосуреттерді түсірген: Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *