Құрметке лайық құтқарушы Жомарт

7-gerojӨзгенің амандығы үшін өз өмірін қиған нағыз азаматтар аз емес. Қызметтік міндетін адал атқарып, сол жолда мерт болғандар қандай құрметіңізге де лайық. Олардың ерлігі мен қайсарлығына тағзым ету парыз. Бір адамды өлімнен құтқарған адам бүкіл адамзатты құтқарғандай сауап алады дейді… Мамыр айында тау басында қалып кеткен азаматты құтқарамын деп құздан ұшып кеткен Жомарт Сәрсенбековтің ерлігі кейінгілерге үлгі болуымен қатар ел есінде сақталады.

Жомарт пен оның әріптестері осы жылдың мамыр айында тау шатқалында жоғалған азаматты іздеуге аттанған. Құтқарушылар тобы аталған аймаққа тез арада жетіп, іздестіру жұмыстарына жұмыла кіріскен. Ертесіне жоғалған жанды ең алдымен Жомарт тапқанымен, өзі биік құздан құлап, мерт болған. Өзгенің өмірін құтқарып, өз басын қатерге тіккен Жомарт Сәрсенбеков небәрі 43 жаста ғана болатын. Марқұмның артында жары және бес баласы қалды.

anasy-zhary-balalary

13 жыл бойына төтенше жағдайлар саласында еңбек еткен ол өткен жылдан бері ОҚО Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Жедел құтқару жасағы» мекемесінің құтқару бөлімшесінде бас құтқарушысы болып қызметіне кіріскен еді. Аз ғана уақыт ішінде алғырлығымен, қызметіне деген адалдығымен көзге түскен.

— Ол жұмысына өте берілген адам еді, үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Күн демей, түн демей жұмысын атқарады. Отбасына да ықыласы ерекше-тін. Қаза боларынан бір күн бұрын ол автокөліктің барлық түрін жүргізуге арналған жүргізуші куәлігін алып, қуанышты келді. «Мен енді мотоциклден басқасының бәрін жүргіземін» деп әзілдеген болатын. Одан қапыда айырылып қаламыз-ау деген ой болған жоқ… Ол біздің қамқоршымыз еді, ештеңеден тарықтырған емес, барлық жағдайымызды жасады. Балаларын өте жақсы көретін. Әкелік мейірімін төгіп, үнемі ақылын айтып, жақсы тәрбие беруге тырысты. Жомарт дүниеден өткенде бесіншіме аяғым ауыр еді. «Әкесіне ұқсасын» деп жолдасымның бастығы есімін Ізбасар қойды, — дейді жары Ұлжан.

zhary-balalary

Көп балалы отбасында өскен Жомарт туысқандарына да, қайын жұртына да өте қадірлі болыпты. Өте туысшыл, барлық іні-қарындастарымен, аға-әпкелерімен әрдайым хабарласып, жағдайларын сұрап тұрған екен. Әйелінің айтуынша, Жомарт өмірден өтетінін алдын ала сезген секілді.

1

— Кейін ойлап отырсам кейбір сөздерінде өмірден кетерін сезген сияқты. Ол қызын өте жақсы көріп, қатты еркелететін. Кенжемізге жүкті кезімде ұл болатынын білгеннен кейін үйге келіп бәріне айттым. Сонда ол қатты қуанып ұлдарымызды жинап: «енді сендер төртеу боласыңдар, қарындастарыңды сыйлап, аялап өсіріңдер, үш ағасы мен бір інісінің ортасында еркелеп өсетін болсын» деген еді. Биылғы оқу жылында екі баламыз да үздік атанды. Сол кезде де балаларына «Сендер менің үмітімді ақтадыңдар» деп айтқан-ды. Сол сәттерде оның сөздеріне аса көңіл аудармай, «бәрі қуаныштан айтылған сөздер» деп қабылдадық. Қазір есіме алып, өмірден кететінін сезді ме екен деп те ойлаймын. Жиі түсіме енеді. Түсімде қасымызда жүреді. «Тірі жүргендей, бәрі баяғыдай» әсерге бөлейтін сондай бір жақсы түстер көремін. Жомарт тура үйленген күнімізде дүниеден озды. Жыл сайын атап өтетін қуанышты күніміз қайғылы күнге алмасты, — дейді марқұмның әйелі.

zhomart

«Мен таптым» деп бәрімізді шақырды»
Сол күні болған оқиға туралы сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы Ілияс Мейірбеков баяндап берді.
— 29 мамыр күні Жомартпен кезекшілікке шықтық. Түнгіуақытта «Бір турист Төлеби ауданындағы Турбаза жақтағы тау басында қалып кетіпті» деген шақырту келді. Аталған шақыртуға түнгі сағат 23:00-дер шамасында 5 адам болып аттандық. Төлеби ауданының төтенше жағдай бөлімшесінің қызметкерлерімен кездесіп, тауға бардық. Түннің бір уағына дейін іздедік. Бірақ таппадық. Кейін іздестіру жұмыстарын тоқтаттық. Тауда қалған адам ара-тұра телефонмен хабарласқандықтан, біз оған спутник арқылы кординаттарын жіберуін өтіндік. Ертеңіне таңғы сағат бестерде біз ол жігіттен тағы хабарлама алдық. Сөйтсек ол Турбаза жақта емес, Ақмешіт шатқалы жақта екені белгілі болды. Сонымен біз Ақмешітке жеттік.

mejirbekov-iliyas-2

Ілияс Мейірбеков

Ол жерге барғаннан кейін біздің құтқарушылардан үш жігіт, тауда қалып кеткен жігіттің екі досы және төтенше жағдай бөлімінен бір маман, барлығы 6 адам болып тауға шықтық. Таудың басында іздестіру жұмыстары кезінде Жомарт тауып алған екен баланы. Сол кезде ол: «мен таптым» деп бәрімізді шақырды. Біз оларға барамыз дегенше Жомарт құздан құлап кеткен. Өте өкінішті жағдай болды, — дейді Ілияс.

Жомартпен 13 жыл бірге жұмыс істеген Ілияс оның әріптестері арасында өте қадірлі болғанын айтады. «Кез-келген жағдайдан тез шешім қабылдап шығып кететінін, тетелес болса да ақыл кеңесін алатындығын айта келе Жомарттың нағыз дос және өте білікті маман болғанын да есіне алды. Одан бөлек адамгершілігі мол, жұмсақ мінезді, үлкенге аға, кішіге іні ретінде қарайтын қамқорлығын қай кезде өтініш айтсаң ешқашан «жоқ» демейтіндігін де айтып өтті.

 

Қапшағайдағы мемориалда арнайы тас орнатты
Марқұмның тағы бір әріптесі, бас құтқарушы Олжас Мұстафаның сөзінше, Жомарт Сәрсенбековты еліміздің барлық құтқарушылары дерлік таниды екен. Себебі жылда «Қазақстан құтқарушылары» атты жарыс өтіп тұрады. Оңтүстіктің төтенше жағдайлар департаменті сол сайысқа міндетті түрде қатысады.

m%d2%b1stafa-olzhas-2

Олжас Мұстафа

Ал Жомарт құрама команданың белсенді мүшесі болған. Биылғы жарыс Қапшағайда өтіпті. Біз биыл сол жақта құран оқып, құдай тамақ беріп, «Астана» қалашығының полигонында әртүрлі жағдайда қайтыс болған қызметкерлеріне арналған мемориалда Жомарт бауырымызға арнайы тас орнатып қайттық, — дейді Олжас.

Таяуда облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұжымының бастамасымен демеушілер отағасынан айырылған Сәрсенбековтер отбасына үй салып берді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сәрсенбековтар отбасына жаңадан соғылған бес бөлмелі үйдің кілтін және «Айбын» орденін табыстады.

Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *