Құрманың жеті пайдасы

Күздің қара суығынан бастап қыстың аязында құрма жидегінің мейлінше пайдасын көріп қалуға тырысу қажет. Осы маусымда ғана пісіп-жетілетін жидектің адам ағзасы үшін пайдасы орасан. Оның «алма жүрегі», «қысқы шие», «қытайлық шабдалы» деген атаулары да бар. Құрма жидегінің 500-ге тарта түрі кездеседі. Базардан жиі сатып алатынымыз — кавказдық, жапондық және шоколадты түрлері. Жидектің жеті пайдасына тоқталсақ…

1. Құрманың құрамында қант болғанымен адамның қанындағы қант деңгейін көтермейді. Бета-каротин теріні қоршаған ортадағы зиянды заттардан қорғайды әрі әжім түсірмейді. Терінің тез қартаюының алдын алады. Көз бұлшықеттеріне пайдалы. Көру қабілетін жақсартады.
2. Ондағы қарапайым көмірсулар жүрек бұлшықеттерінің жұмысына оңды әсерін тигізеді. Жүрек-қан тамыр жүйесіндегі қандай да бір кеселде құрманы емге қолдануға кеңес беріледі. Қан қысымы жоғары болғанда, қаназдықта құрманы тамақтану мәзіріне қосқан артықтық етпейді.
3. Жақсы пісіп-жетілген түрінде С дәрумені (55 пайызға дейін) молынан кездеседі. Сол себепті, суықтап ауырғанда не болмаса вирусты ауруларда оны дәрмектің орнына қолдануға әбден болады. Тұмау, суықтағанда нағыз табиғи дәрі саналады.
4. Адам ағзасына сырттан келетін микроэлементтер осы жидекте кездеседі. Атап айтқанда:
— Йод (зарарсыздандыратын және антисептикалық қасиеті бар, қалқанша безінің толыққанды жұмыс істеуіне қажет).
— Магний (Тіндерге қажет және ағзада жасушалардың қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі).
— Темір (қаназдық кезінде бұл элементтің орны бөлек).
— Калий (жүрек, тірек-қимыл жүйесінің қызметінде және невралгия ауруының алдын алуда қажет элемент).
5. Зәр айдайтын қасиетке ие. Ағзаға жиналып қалған тұзды зәрмен шығару үшін күніне 2-3 жидекті жейді. Сосын артынан сүтті шайды молынан ішеді.
6. Фруктоза және глюкозаға бай жидек күйзеліске жол бермейді. Ол үшін күніне бірнеше жидек жеңіз.
7. Артық салмағы бар, қант диабетімен ауыратын науқастар құрма жесе пайдалы. Себебі, ондағы қанттың аталған дертке шалдыққандар үшін залалы тимейді.

 

Құрамы түрлі дәрумен мен микроэлементтерге бай құрманы жеуге тыйым салынатын жағдайлар бар. Мәселен, қуық жолдарына ота жасағанда, 7 жасқа дейінгі балаларға беруге болмайды. Піспеген құрманың қабығы ауызды қуырып, ондағы танин ішек жұмысына кедергі жасайды. Құрманы жеген соң ауыз қуысын сумен шаймаса, тістің эмалін құртады. Тісжегі пайда болады. Сондай-ақ, құрманы балықпен бірге жеуден аулақ болыңыз.

Кейде базардан байқамастан піспеген құрманы сатып аламыз. Ол ауыз қуысын қуырып, жеуге жарамсыз күйде қалып қояды. Тек мұны тастай көрмеңіз. Оларды 2 сағат тоңазытқыштың мұздатқышына салыңыз. Сосын 10 сағаттай жылы суда қойса, тез жұмсайды.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *