«Құмар ойын абыройдан жұрдай етті»

Бүгінде Шымқаладағы адам көп жиналатын қоғамдық орындарда ойын автоматтарын көптеп көруге болады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде әрбір бесінші адам құмар ойынға айына 2000 теңгесін тігуге дайын. Солардың бірі — Біржан Тұрғанбаев (аты-жөні өзгертіліп берілді) редакцияға хабарласып, ойынханалардағы өмірін жайып салды. Құмар ойынға тәуелділіктен жапа шеккен Біржан бұдан құтылудың жолын іздеп жүргендігін де жасырмады. Оның ойын автоматына деген қызығушылығының ақыры жиған-тергені, отбасы, туған-туысы мен абырой-беделінен айырған. 

– Құмар ойынға әуестенген досымды құтқарамын деп өзім де оның құрбанына айналдым, — деп бастады әңгімесін Біржан Тұрғанбаев.
— Ақша тігетін ойындарға қызы­ғушылығым болған жоқ. Тіпті, ойнай да алмайтынмын. Жақын араласып жүрген досым ойын автоматының қызығына кіріп, күн сайын баратын болды. Бірде ұтады, ертеңіне ұты­лады. «Жеңілген күреске тоймас демек­ші» ұту үшін қайта ақша салады. Сөйтіп жүріп әбден қарызға батты. Бизнесі болатын, ол да кері кетті. Тапқан ақшасын ойынға салып, түгі қалмады. Жағдайын білген соң, көмектеспек ниетпен ақылымды айтып, тоқтатпақ болдым. Оны іздесең, ойын автоматтары қойылған орыннан табасың. Сол жаққа бір-екі рет бас сұғып жүріп, бір күні өзім де ойнадым. Бірінші күні 5 мың теңге ұттым. Қуанышымда шек жоқ. Ертесіне ұтыс­қа 50 мың теңге салдым. Содан бері арада он жылдан астам уақыт өтті. Сол бес мың теңгеден кейін ұтқан ешнәрсем жоқ. Соны біле тұра қайта келіп ақша саламын. Бүгін болмаса ертең ұтыс шығатындай үміт үзілер емес. Бұл ауру ма, не екенін түсінбей дал боламын. Досымды құтқарамын деп жүріп, шыңырауға батқанымды білмей де қалдым. Тәрбиелі отбасынан шыққанмын. Тұр­­мыстық жағдайым да жаман емес еді. Жоғары білімім болмаса да, істің көзін тауып, өз шаруамды істеп жүргенмін. Сол сәттерден бастап, ауылдағы үй, азын-аулақ мал да сатылды. Қаладағы баспанам, төрт жер учаскемнің ақшасы желге ұшты. Өкініштісі — отбасымды жоғалттым. Қазір пәтер жалдап тұратын халге жеттім. Жұмыссызбын. Тиын-тебен тапсам, ойынға саламын. Енді ойна­мауға бел буып кеткенімен әйтеуір бір айналып соғамын.
Қазақта «Аманатқа қиянат жаса­ма» деген сөз бар. Мұның күнәсі ауыр деп жатады. Құмар ойын­ның адамгершіліктен де жұр­дай ете­тініне көзім жетті. Бірде туысы­м­ның ауылға жеткізіп берерсің деп ама­нат­таған 12 мың долларын ойын­ға салып жібердім. Тағы бірде аманат еткен 600 мыңды бәске тіктім. Туыстардың ақшасын тауып беру керек болғандықтан, баспана, жерді сатуға мәжбүр болдым. Осы жағдайлардың өзі сабақ болмады.
Құмар ойын қоғамның қасіретіне айналып бара жатқанына жаным ауырады. Газетке де осы себепті хабар­ластым. Ол жерде мен секілді сорлап жүргендер қаншама. «Айна базары» жақтан шағын жиһаз цехын ашқан танысым оңай ақша табамын деп кәсібінен айырылды. Базардан нәпақасын тауып жүрген тағы бір көзтаныс жігіт қарызға бел­шесінен батып, үйін сатып жатыр екен. Қарызды жабуда несие алып жатқандарын көрдім. Бірі ипо­текаға алған үйінің ақшасын төлей алмай жүр. «Итің жаман» десе намыстанатын қазақпыз ғой? Ойын автоматының құрбанына ай­на­лып, қарыз ақшаны мойнына іліп жүргендердің барлығы өзіміздің қазақтар. Әсіресе, ауылдан келген студент жастар қызығушылықпен ойнап көреді де, ойынханадан «жұр­дай» болып шығады. Ауылдан алып келген ақшасын салады. Одан қала берді қарызға батады. Сосын не ауыл­ға бара алмай­ды, ел-жұрттың бәрінен қарыз ақша алып біткен, не оны төлей алмайды. Ойынға берілген адам шынтуайтында «жынды» болады екен. Өмірде, айналада, отбасында не болып жатыр ойламайсың. Тек ойнасам, ұтсам деп тұрасың. Ойын­ханаға келген жас бауырларыма сабақ алсын деген ниетпен басымнан өткен жағдайды айтып, құмар ойыннан аулақ болыңдар деп ақыл айтқан боламын. Оған құлақ түрер ешкім жоқ. Бар айтатындары «Қарыздан қалай құтыламын?», «Не ұрласам екен?», «Кімнен қарыз алсам екен?» деп тұрады. Қарыздан құтылу үшін жұмыс істейін деген сөзді бір де бірінен естімедім. Сосын телефон ұрлайды, үй тонайды. Нәтижесінде сотталып жатқандары қаншама? Кішкентай ғана темір жәшік қазақтарға қаншама қасірет әкелуде?
Ойынханада біраз жылдар опе­­ратор, сосын күзетші болып жұм­ыс істедім. Сол кездерде талай жағдай­дың куәсі болдым. Ойын бизнесін ашқандардың айтатыны мынадай: «Бірінші ойнауға келген адам көп ақша ұтса қуан. Бүгін ол 100 мың ұтса, ертең 200 мың алып келеді. Ары кетсе екі күн күт» дейді. Расында, мұндай жағдай өзімнің басымнан да өтті.
Заңсыз жұмыс істейтін ойын автоматтарына менің естуімше 1,5 миллионға дейін айыппұл салады дейді. Қаладағы ойынханалардың 60%-ы өзге ұлт өкілдерінің еншісінде. Оларға құқық қорғау органдары айыппұл салады. Сосын ойынханада жүрген қазақтарға: «Ойын аппараты менің атымда деп айтыңдар. 400 мың теңге берем. Барып айыппұлды төлейсіңдер дейді». Қарызға батып жүрген ойынқұмарға бұл қомақты ақша-ақ. Келісіп жатқандары да бар. Мұны маған да айтты. Бірақ келісімімді бермедім.
Менің түсінбейтінім, ойын аппараттарын толық жауып тастауға біздің заңның күші жетпейді ме? Кезінде облысқа Өмірзақ Шөкев әкім болып келгенде барлығын жаптырған. Бұл халыққа жаны аши­тын адамның жұмысы. Сол уақыт­тары қаншама адамның жағдайы жақсарып қалды. Сол кездері мен де ойынға бармадым. Кейін «қой терісін жамылып» ойын автоматтары басқаша түрде шығып, қалада адамдар көп жиналатын орындарға қайта қойыла бастады. Онда болып жатқан дәл қазіргі жағдай осындай, — деп сөзін аяқтады.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда нәпа­қасын құрылыстан тауып жүрмін дей­ді. Ойынға деген әуестігін әлі күнге дейін тоқтата алмаған секілді. Соң­ғы жылдары ақылға келіп, ойнап жүрген жоқ­пын деп ақталды. Дегенмен, сөзіне қарап, құмар ойыннан толық алыстамағанын байқадық. «Ойын­ға құмарлық дертке жата ма? Одан қалай арыламын және қайда барып емделсем болады» деген ойын ашық айтты.

11 Сауле АйдароваСәуле Айдарова, облыс­тық нар­­ко­логиялық дис­пансерінің нарколог-дәрігері:
— Лудомания дертінің дең­гейі маскүнемдік және наша­қорлықпен теңестіріледі. Аталған екі дерттен айырмашылы бел­гі­лері алғашқы уақытта бай­қа­л­майды. Оның алғашқы бел­­гі­­лері – құмар ойыншының көңіл-күйінің болмайтындығы. Ойын­нан ұтылғанда өзін тастап жібе­реді. Бұдан кейін, ойынға тәуелді адамның өмірінде ең ауыр кезең­дер басталады. Ол жас бол­са, ата-анасының қал­та­сы­нан, ере­сек адамдар отбасынан, жұмы­­сынан ақша ұрлауды бас­тай­ды. Құмарлықтың соңы дертке ұласады. Қарыз бен өтірік – оның серігіне айналады. Диспансерге «лудомания» дертімен өз еркімен емделуге келетіндер аз. Туған-туыс­тарының көмегімен алып кел­генде нарколог, психотерапевт, пси­холог-дәрігердің бірлескен көме­гімен емдейді. Науқас диспансерде стационарлық ем алады. Дәрігерлер олармен жеке сөй­леседі, тренингтер өткізеді, от­басы­лық, топтық терапия жүр­гізеді.

Шағымданушының өтіні­­шімен облыстық наркологиялық дис­пансердің дәрігерлерімен хабар­ластық. Нарколог-дәрігер Сәуле Айдар­ова: «Ойын автоматтарына тәуел­­ділік – психологиялық дертке жата­ды. Медицинада құмар ойынға тәуелділікті «лудомания» деп атайды. Оның «Гэмблинг» деген тағы бір атауы бар. Дерттің үш сатысы бар. Біріншісін әлеуметтік ұтыс сатысы деп атаймыз. Бұл кезде адам ойынға қатысып, үлкен қаржыға ие болады. Екіншісі, қарқынды ұтыс сатысында адамдар жеке ойнай бастайды. Тапқан табысын мақтаныш тұтады да, ойынды тоқтатуға қабілетсіздік танытады. Енді, жайлап қарызға кіріп, оны төлей алмайды. Отбасында жанжалдар басталады. Ешкіммен араласпайды, тез шаршайды. Жалпы, бұл уақытта адамның тұлғасы өзгереді. Үшіншісі, түңілу сатысында отбасынан айырылады, достарынан алыстайды, үрейленеді, өкінеді, тіккен ақшасы бұрынғыдан да үлкен мөлшерде болады. Мұның барлығы жүйкеге әсер етеді. Науқас енді өз-өзін психологиялық жағынан тежей алмайды. Соңы суицидке алып келеді, — дейді нарколог-дәрігер.
Түйін. Кейіпкердің сөзінен кейін қаладағы біршама қоғамдық орындар және «Интернет клубтардағы» ойын автоматтары орналасқан орын­­дарды аралап шықтық. Әр құрыл­­ғының алдында жиналған жас­тар легі көп. Олардан қанша көп ұтыс ойнағандығын айтып сыр тар­тып көрдік. Ұтқанынан ұтылғаны көп екендігін жасырмады. «Ауылға ары-бері адам тасымалдағанда қызық көріп ойнап жүрмін. Алғашқы кезде 1000-2000 теңгеге дейін ұтыс болды. Бір-екі рет ойнағанда тұрған не бар? Одан құмар ойынға беріліп кетемін деп ойламаймын», — дейді Қырғы базардағы ойын автоматында ойнап тұрған азамат. Ойын автоматынан келген қасі­рет­ті шегіп жүрген қалалықтар ғана емес.

11 Мухамеджан ЕстемировМұхамеджан Естеміров, облыс имамының  орынбасары:
— Ақша тігіп ойнайтын ойын­дардың барлығы харам сана­лады. Құран кәрімде құмар ойын­дарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойы­лып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған. Ойын автоматтарына барып ойнау біріншіден уақыттың қадірін жоғалту және ысырап болса, екіншіден, жүйкеге зиян. Құмар ойын дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салатын нәрсе. Дағдыға айналған құмарлықтың соңы дертке шалдықтырады. Өткен жылы діни бірлестік осындай келеңсіздікке тосқауыл қоюда және оның алдын алуда жастар арасында насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл биыл да жалғасын табады.

Жуырда Сайрам ауданы Қара­бұлақ ауылында осыған қатыс­ты үл­кен дау шықты. Жергілікті тұр­ғын­дар заңсыз құмар ойын ашқан ошақ­ты жабуды талап етті. Себебі, құмар ойынның кесірінен ауылда жүз­­­деген отбасының берекесі кет­кен. Ұтылғандардың шаңырағы шай­қалып қана қоймай, ауылда ұрлық-қарлық саны көбейген. Өйт­кені, 10 миллионға дейін қарызға бат­қандар да болған.
«Лудомания» бүгінде әлемдік проб­лема болып тұр. Өңірде билік бұл мәселеге дер кезінде назар ау­дар­­маса, темір тажалдың құрығы талай­лардың өмірін жалмауы мүм­кін.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *