Құлпынайдың құпиясы көп

16 вареньеҚұлпынай — латынның «fragaria vesca» сөзінен аударғанда «жұпар» деген мағынаны білдіреді. Жемістің бұл түрі Азия елдеріне ХІІІ ғасырда тарап, адамзаттың сүйікті асына айналған. Құлпынайды қаламайтын жан жоқ. Жас та, кәрі де сүйіп жейтін маусымдық жеміс. Маусым демекші, Сіз пайдасы мол бұл жидекті қысқы маусымға дайындап, жарата білдіңіз бе? Ендеше кеш қалмаудың қамына кірісейік.

ШЫЛЫМ ШЕГЕТІНДЕР
КӨП ЖЕСІН

Құлпынай жеген адамның иммундық жүйесі жақсарып, жүйке жүйесінің жұмысы да қалыпқа келеді. Ол үшін құлпынайды уыстап жеудің қажеті жоқ. Күн сайын кешкі астан кейінгі десерт ретінде 10-15 данасын тұтынсаңыз жеткілікті. Тұмау кезінде құлпынайдың тосабымен шай ішеміз. Мұның негізгі сыры жидектің тер шығару қызметінде жатыр. Зәр айдап, тер бөлу бездерінің жұмысын белсендететіні сонша, ағзадағы тұмау токсиндері мен вирустары осы екі жолмен шығып кетеді де, науқас жеңілдеп, ауруынан айыға бастайды. Ал, құлпынай арқылы қан құрамын реттеуге болатынын алғаш рет 1987 жылы мәскеулік гематологтар дәлелдеп, арнайы зерттеу де жүргізген. Құлпынай қартаю мен қажудан, артсклероздан, қатерлі ісіктен, жатырішілік қан кету қаупінен қорғап, саулықты арттырады. Шылым шегетіндер үшін де пайдалы. Өкпеге жұтқан никотиннің уын зарарсыздандырып, рак клеткаларын болдырмауға жұмыс жасайды. Бірақ асқазанның ойық жарасымен ауыратындар бұл асты абайлап жеуі керек. Құрамындағы қышқыл ішек пен қарынның қатпарлы бөлігін қатты тітіркендіреді.

ЖАПЫРАҒЫ ЖАРАҒА,
СӨЛІ БЕЛСІЗДІККЕ ДАУА

Құлпынай жапырағы кез-келген жараның жазылуына ықпал етеді. Ол үшін жидек жапырағын жуып, тазартып, жараға таңыңыз да, дәкемен байлап қойыңыз. Мұндай компрессті бір екі сағат сайын ауыстыру керек. Сонымен қатар 1 литрлік банкаға жапырақты салып, үстіне қайнаған су құйып, 3-4 сағат тұндырып, сөлін ішсеңіз зәр айдап, ішті тазалайды. Яғни іш қатудан сақтайды. Жапырақты тұнбамен бетіңізді де лосьон ретінде тазалаңыз. Бет клеткаларын тек кірден тазартып қана қоймай, минерелда жиынтығын сыйлайды. Шала піскен құлпынайдың сөлін де пайдаға жаратып, бетіңізге жағыңыз. Қара дақтардан тазартып, жеңіл скраб ретінде жұмыс жасайды. Ағартатын күші де бар. Құлпынайдың тағы бір ерекшелігі ол табиғи афродизиак. Бұл дегеніңіз, жыныс жолының қызметін жақсартып, ер мен әйел арасындағы физикалық қатынастың жақсаруына жақсы әсер ете алады. Яғни, белсіздіктен қорғайды.

ДҰРЫС САҚТАЙ БІЛ

Құлпынай – маусымдық жидек. Сондықтан оны жыл он екі ай тұтына алмаймыз. Бірақ қысқы маусымға сақтап қалуға болады. Ол үшін жидектің езілмеген түрін алып, дара-дара етіп жайып қоямыз. Жууға болмайды. Өз сөлінен де кепті деген кезде, пластикалық ыдысқа мұқият етіп орналастырып, аузын ылғал кірмейтіндей етіп бкітіп,, мұздатқышқа салып тастаймыз. Жеке дара тұрса тіпті жақсы. Себебі жидек өз бойына кез келген иісті тез сіңіріп алады. Сондықтан, ет не балық сияқты азықтардан алыс ұстау керек. Мұздату арқылы жидек құрамындағы барлық элементтерді сақтап қала алмаймыз. Дегенмен, пайдасын сақтап қалудың жалғыз әдісі осы. Сондықтан, қыста құлпынай жейміз десеңіз, қазірден бастап қам қылыңыз. Себебі жидек тек бірінші маусымда өте пайдалы әрі дәруменді болып келеді.

КОМПОТЫ АРТЫҚ
КОЛОРИЯДАН САҚТАЙДЫ

Жидектің езілгені мен майдасын да кәдеге жарата білейік. Ол үшін блэндермен езіп, бетіне қайнаған су құйып, қалауыңызша қант салсаңыз болғаны. Тамаша компот дайын. Бұл сусынның ерекшелігі тағамды тез қорытып, асқазандағы ауырлықтан арылтады. Яғни артық колорияның ағзаға «отырмауын» қадағалайтын қасиетке ие. Егер диетада болсаңыз, міндетті түрде осы сусынды ішіп жүріңіз. Бұл артық салмақтан тезірек арылуыңызға сеп болады.
Бетті дайындаған

Тосабын көп қайнатпаңыз

Бүтін жидекті құлпынай тосабын қайнатуды қаласаңыз, осы рецепттен артығы жоқ.
Құрамы: 1 келі езілмеген, жақсы сортты құлпынай, 1 келі шекер, 200 мл су қажет.
Дайындау әдісі:
Құлпынайды сабағынан ажыратып, ағынды судың астында шайып алыңыз. Сосын газет не қағаз жайманың бетіне жайып қойыңыз. Артық суынан ажырауы керек. Енді 200 мл суды кастрюльге құйыңыз да, қайнатып алыңыз. Қайнап шыққан соң қантты салыңыз. Шекер толықтай еріп кеткенше араластырып тұрыңыз да, шекер сиробына құлпынайды салыңыз. 5 минут қана қайнатыңыз. От қатты болуы керек. Көбігінен арылтасыз да, отты өшіріп, 5 минут суытасыз. Болды. Енді банкаңызға құйып, қақпағын бекітесіз. Бұл құлпынай тосабының ерекшелігі сол, жидек құрамындағы көп элементті аз қайнаудың әсерінен өз бойына сақтап қалады.

Мусс жеген бала да мәз

 

Балалар үшін тамаша десерт дайындауға болады.
Құрамы: Жарты келі құлпынай, 300 мл майлы кілегей не қаймақ, Қант (қалауыңызша), 15 гр желатин

Дайындау әдісі:
Құлпынайды блэндер арқылы езіп, кілегей не қаймақ қосыңыз. Қалауыңызша қант және 15 гр желатин қосуға болады. Ол үшін желатинді алдын ала салқын суға ерітіп алыңыз. Еріген соң отқа қойып қайнатып, сәл суытып әлгі құлпынай езбесіне қосасыз. Бәрін біркелкі етіп араластырыңыз да, қатқанша тоңазытқышта ұстаңыз. Балалар сүйіп жейтін мусс дайын.

Балмұздағы бал татиды

Жаздың ыстығында салқындаудың жолы балмұздақ жеу емес пе? Ендеше сүйікті жидектен балмұздақ жасап көріңіз.
Құрамы: 4 кесе мұздатылған, не балғын құлпынай, 3 ас қасық бал, 1-2 кесе майсыз қаймақ, не табиғи йогурт, ас қасық лимон шырыны керек.
Дайындау әдісі:
Керекті заттың бәрін блэндерге саласыз да, 5 минут көлемінде езесіз. Енді қалаған ыдысыңызға салыңыз да, мұздатқышқа қойыңыз. 1-2 сағатта бал татитын балмұздақ дайын болады.

Құлпынайлы торт

Балалар сүйсініп жейтін құлпынайлы торт пісіріп көріңіз.
Құрамы: 2-3 кесе құлпынай, 200 гр ірімшік, жарты стақан қант, майлы кілегей, не қаймақ, печенье, желатин
Дайындау әдісі:
Кез келген печеньені ұнтақтап езіп алыңыз да, еріген маймен араластырып, торт пісіретін формаға салып, стаканмен басып шығыңыз. Печенье формаға жабысып тұруы керек. Енді алдын ала ерітілген желатин, 2-3 кесе құлпынай, 200 гр ірімшік, жарты стакан қант пен майлы кілегей, не қаймақты араластырасыз да, печеньенің бетіне құясыз. Бетін бүтін құлпынаймен әсемдеп, тоңазытқышқа қойып қойсаңыз болғаны, десерт дайын. Дәмді әрі пайдалы.

Ақмарал АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *