Ғалым Исмаилов, Қаратау ауданының әкімі: Ешкімге айтпастан елдімекендерді аралап, тұрғындармен кездесемін

6 Аким ИсмайлоыШымкент қаласындағы отыз елдімекен бүгінде Қаратау ауданына қарасты. Аталмыш ауданның  халық саны 230 мыңнан асады, ал аумағы 32 мың гектарды құрайды. Шаһардағы төртінші болып құрылған бұл  ауданға биыл бір жыл толады. Осы уақыт аралығында Қаратауда қандай жұмыстар атқарылды, жергілікті жұртты мазалаған мәселелер қаншалықты шешімін табуда деген сауалдарға жауап алу үшін  аудан әкімі Ғалым Исмаиловпен аз-кем сұхбаттасқан  едік.

— Ғалым Ыбырайұлы, өткен жылы қаңтар айында осы ауданға әкім болып тағайындалдыңыз. Бір жыл ішінде қандай тірліктер атқардым деп айта аласыз?

— Әкім болып тағайындалғаннан кейін жұмысымды барлық елдімекенді аралап шығып, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, ұсынысын тыңдаудан бастадым. Әрбір ауыл­дағы шешімін таппаған мәселелерді түртіп алып, жоспарлы түрде оларды шешу жағын қарастырдық. Нәтижесі жаман емес. Бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, елдімекендерге су құбырлары тартылуда. Жолдар салынып, көгілдір отынмен қамта­масыз етіле бастады.

— Жаңадан қосылған елдімекендерге инфрақұрылым тарту мәселесі қашанда маңызды екені белгілі. Осы ретте халықты таза ауызсумен, табиғи газбен қамтамасыз ету жағы қаншалықты жүзеге асуда?

— Дұрыс айтасыз, Қаратау ауданы бойынша бүгінде ең күрделі мәселенің бірі – ауызсу болып тұр. Мәселен, бізге қарасты ауыл-аймақтардың 8%-ы, яғни, 3005 үй тасымалданған, не болмаса құдықтан су ішеді. 34%-ына кесте бойынша су беріледі. Су мәселесі әсіресе Асар-2, Достық, Нұртас шағын­аудандары мен Қай­нар­бұлақ тұрғын алабында қиын болған. Ал, Тұран шағын­ауданындағы халық тоғыз жылдан бері тіршілік нәрін тасып ішіп жүр. Осы проблема бойынша біз жүйелі жұмыс жүргізіп, биыл шағынаудандағы 400-дей үйге су беріледі деп жоспарлап отырмыз. Өзге елдімекендерге су құбырларын тарту үшін мемлекеттен 1млрд 600 млн теңгедей қаржы бөлініп, арнайы жобалық сметалық құжаттар жасалды. Нәтижесінде Нұртас, Сайрам, Ақжайық, Қайтпас-1 шағынаудандары мен Мирас саяжайында құбырлар тартылды. Олар жақын күндері тапсырылады деп күтудеміз. Қайнарбұлақ саяжайында құбыр тарту жұмыстары біткен, қазір абоненттерге тарату шаралары жүргізілуде. Шамамен екі айдың көлемінде жұртқа су беріледі. Өзге елдімекендер 2018 жылға дейін кезең-кезеңімен таза сумен қамтылады.
Ал, табиғи газ мәселесіне келсек, отыз елді­мекеннің 33%-да, 70 мыңдай тұрғында көгілдір отын жоқтың қасы. Олардың қата­рында Асар-2, Бозарық, Достық, Азат, Таскен, Тассай, Тұран және Қайнарбұлақ саяжайы, Қай­нарбұлақ тұрғын алабы бар. Былтыр бюд­жеттен 100 млн теңге бөлініп Ақжайық, Таскенге және Мирас саяжайында құбыр тарту жұмыстары басталып, ол жұмыстар келер жылы толығымен аяқталады. Өзге 5 елдімекен мен жаңа құрылыстарға 2018 жылға дейін газ беріледі. Жұрт алдағы үш жылға толығымен көгілдір отынға қол жеткізеді.

— Жұртты толғандыратын мәселелердің қатарында сапалы электр энергиясымен қамту, көшелерді жарықтандыру да бар. Бұл жұмыстар бойынша не атқарылуда?

— Қаратаулықтар толығымен жарықпен қамтылған. Десе де, электр энергиясын тарататын 488 трансформатордың 203-і жекенің қолында. Бұл 46 пайызды құрайды. Сапасы да сын көтермейді. Себебі, 100 үйге арналған трансформаторға 200 үй қосылады да, жарық әлсіз болып қалады. Жиі өшетіні тағы бар. Осыған орай, қазынадан қаржы қаралып, Ақжайықта, Қайтпаста, Қайнарбұлақта, Бозарықта, Достықта электр жарығымен қам­та­масыз ету мақсатында, жұмыстар жүр­гізілуде. Келесі жылы шешімін табады. Сонымен, 9 елдімекенге 2016 жылы, 11-іне 2017 жылы талапқа сай трансформаторлар қойылады. Қалған 30%-ы 2018 жылы шешіледі деп отырмыз.
Көшелерді жарықтандыруда әлі де қиын­дықтар баршылық. Мәселен, аудандағы 81 көшеге шамдар қойылған. Бұл елді­мекендердің орталық көшелері. Өзге көшелер жарықтандыруды қажет етеді. Сұраныс екі-үш есеге көп. Қараңғы, мектепке бару қиын­­­ға соғады. Нұрсәт шағынауданында 117 үй жарық, қалған 106 үйде шамдар қою керек. Бюджетке ұсыныс бердік, қалай қаржы бөлі­неді, көшелер жарықтандырылады.

6 Каратау ауданы

— Елдімекендерде жол салу жайы қалай?

— Ауданда 963 жол бар болса, соның 356 шақырымына асфальт төселген. 640 шақы­рымы тас жол. Ал 58 шақырымы топырақ көшелер. Өткен жылы 1 млрд 200 млн теңге бөлі­ніп, Достық, Достық-2, Тассай, Таскен шағынаудандары мен Мәртөбе, Сайрам елдімекендеріндегі 32 көше асфальттандырылды. Биыл бюджеттен 40 көшеге жол салуға қаражат қарастылып отыр. Сондай-ақ, 8 елдімекендегі әлеуметтік нысандардың алдындағы 10 шақырымдай аяқжолдар салынатын болады.
Бұдан бөлек, аудан аумағында карьерлер бар. Сонда тас таситын компаниялармен мемо­рандумға тұрып, олар көмек ретінде топырақ жолдарға тас төсеуде. Бүгінде 12 шақырымдағы 19 көшеге шағал тас тасылды.

— Таскен елдімекенінде карьерлер бар екенін білеміз. Сондағы жұрт тас тасымалдайтын компаниялардың әрекетіне жиі шағымданып жатады. Осы мәселеге үңіліп көрдіңіздер ме?
— Ия, бұл проблеманы жақсы білеміз. Таскеннің карьерге жақын маңдағы орналасқан үйлерден шағым түскен. Барып қарасақ, тас алған жерлерде үлкен жарықтар пайда болып, сегіз метрге дейін жетіпті. Егер үйден шыққан бала сол жерге барып ойнаса, суға ағып кетеді. Алайда, ол компанияларға заңды құжат беріліп қойған екен. Содан біз компания қожайындарын шақырып, сол жарықтар жанын қоршау саласыздар, деп ескерттік. Қазір жарықтардың жанынан шлакоблоктан қорған салып жатыр.

— Жаңадан қосылған елді­мекендердің халқы көбінде құжат­тандыру бойынша қиналып жататыны бар. Сол тұрғындарға әкімдік тарапынан көмек, қолдаулар көрсетіле ме?

— Бізге қо­сылған елді­ме­кендердің ішінде, әсіресе, Сайрам ауылы мен Мәртөбедегі халық жиі шағым айтып жатады. Олар қалаға құжаттарын өткізуге келгенде бір құжат жетпесе, ауылға қайта барып келулеріне тура келеді. Сонымен бір күні босқа кетеді. Осыны ескеріп, 80 мыңдай халқы бар Сайрам ауылындағы әкімдіктің бір бөлмесін құжат қабылдайтын етіп қойдық. Жұрт сонда барып, үйінің, жерінің құжаттарын тапсырады, сол жерден алады. Қазірге дейін 1511 құжат қабылданып,1193 мемлекеттік актісі тұрғындарға берілді. Сол сияқты Тассай елдімекеніндегі ғылыми-зерттеу институтының бір бөлмесін демеуші есебінен жалға алдық. Ол жерде де сол маңдағы елдімекен тұрғындарының құжаттары қабылдануда. Өзгелері қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына өткізеді. Осы жерде бір айтып өтетін мәселе, құжаттандыру бойынша Қайнарбұлақ саяжайының тұр­ғын­дары қиналуда. Олардың қолында саяжайдың кітапшасы бар, болды. Бұл азаматтар мүлікті жария ету бойынша және сот арқылы үйіне, жеріне құжат алуға болады. Яғни, ол азамат сол саяжайда жеті жылдан астам уақыт тұрып, оны сотқа дәлелдеп берсе, заң бойынша шешім алып, құжат беріледі. Тіркеуге тұрады.

— Ауылдардағы әлеуметтік нысандар саны халық санына шаққанда жеткілікті ме? Бұл бағытта шешімін таппаған қандай мәселелер бар?

— Қаратау ауданы бойынша үш ауысымда білім беретін тоғыз мектеп бар. Оның сегізінің мәселесі шешімін тауып келеді. Айталық, Ақжайықтағы №59 мектепте биыл қосымша құрылыс салынады. Бозарықта 1200 орындық мектеп, ал, Қайнарбұлақ саяжайы мен Достықта жаңа ғимараттың құрылысы басталады. Сайрам ауылында 300 орындық білім мекемесі салынуда. Мирас саяжайында 900 орындық ғимараттың құрылысы аяқталып, қазір қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қиындық туғызып тұрғаны Таскендегі №103 мектеп болып тұр. Қазір онда жаңа мектепке жер бөлу жағы қарастырылып жатыр. Жері шешілсе, жобалық-сметалық құжаттары жасалады. Нұрсәтте де әкімшілік-іскерлік орталығы маңынан жаңа білім ошағы салынуда.
Аудандағы 9 мемлекеттік, 35 жекеменшік балабақша бар. Бірақ, 8 мыңдай бүлдіршін кезекте тұр.
Емханаларға келсек, тұрғындардан шағым көп. Себебі, емхана бар болғаны­мен, түрлі сынамалар тапсыру үшін жұрт қалаға қатынауға мәжбүр. Ол үшін бір емес, бірнеше автобуспен баруына тура келеді. Ауылдардағы емдеу мекемелерінің қызмет ауқымын кеңейту үшін біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жазып, хатпен шығып жатырмыз.

— Халық бірнеше автобуспен барады деп айтып қалдыңыз. Елдімекендер арасында қоғамдық көліктердің қатынауы толықтай дерлік шешілген бе?

— Қоғамдық көліктер мәселесіне қатысты халықтан өте көп шағым түсіп жатыр. Мәселен, көрсетіп отырған қызметтеріне көңілі толмайды, көшелердің соңына дейін бармайды дейді. Немесе автобус шағын, үлкендеуі болса деп жатады. Біз өз кезегінде түскен шағым­дарды қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолдап, шешіп беру жағын жасап жатырмыз. Сонда да мәселе толыққанды шешілді деп айтуға ерте.

— Аудандағы халық саны 230 мыңнан асады деп отырсыз. Олармен жұмыс істейтін әкімдік қызметкерлері жеткілікті ме?

— Жоқ, жеткіліксіз. Себебі, әкімдікте бар болғаны 32 қызметкер ғана бар. Оларды халық санына шаққанда әрқайсымызға жеті мыңнан түсіп тұр. Біз осы мәселе бойынша қала басшыларына сұраныс хат жібердік, тағы қосымша қызметкерлер беру бойынша. Соған қарамастан, қазір келісімшарт негі­зінде қосымша мамандар тартып жатырмыз, солардың жақсы жұмыс істегендерін болашақта мемлекеттік қызметке тартсақ деген ойымыз бар. Бір айта кетерлігі, қызмет­керлеріме үнемі адал болуды талап етемін. Олар проблеманы жасырғанмен, ертең бәрібір алдынан шығады. Сондықтан, мәселені ертерек айтып, оның шешілуін қарастырсақ, ең дұрысы осы.

— Әкім болғаныңызға қаңтар айында бір жыл толып отыр екен. Атқарған жұмысыңызға көңіліңіз толады ма?

— Елдімекендерге газ, су, жарық беріліп жатса бір марқайып қаламын. Дегенмен, әлі де атқарар жұмыс көп. Себебі, елдімекендердің инфрақұрылымы болмай жатса, ол ауылда қайтіп мәдениет үйін саласың, қайтіп концерт қоясың. Өзім коммуналдық салада біраз жылдар жұмыс істегендіктен, аса қатты қиындықтар болмайды. Кез-келген арыз-шағым түскен жағдайда өзім барып, көзбен көріп қайтуға тырысамын. Барлық проблеманы бірінші өзімнен өткізгім келеді. Таңертең жиналыс өткізген кезде соны бүге-шүгесіне дейін сұрауға да, талап етуге де жақсы. Ал, түрлі іс-шаралар болған жағдайда тек қатысып кетемін. Ондай нәрселерге аса көп қызыға бермеймін.

— Халықпен жиі кездесіп тұрасыз ба?

— Мүмкіндігінше күн сайын елдімекендерді ешкімге айтпастан аралап, сондағы тұрғын­дармен сөйлесіп қайтамын. Ұсыныс-тілек­терін, ескертпелерін түртіп алуға да жақсы. Бұдан бөлек, белгіленген кесте бойынша қабылдау күндері болғанымен, халық маған шағымын айтып күнде келіп жатады. Оларды да мүмкіндігінше қабылдап, арыз-шағымдарын алып қаламын. Маған қатыс­ты сын-ескертпелер айтып жатса, дұрыс қабылдаймын. Себебі, сын орынды болса, неге оған түсіністікпен қарамасқа.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айнұр АҚБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *